Зүл-Хижжаның сауапқа толы алғашқы он күні

Зүл-Хижжаның сауапқа толы алғашқы он күні
Таукен АЙТБАЕВ

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммедке салауаттар мен сәлем айтамыз.

Адам баласы ғибадат-құлшылық үшін жаратылғандықтан, өмірінде бір Аллаға құлшылық етуді басты мақсат тұтып, сауап жинауды әдетке айналдырғаны жөн. Себебі, сауап – ескірмейтін, бұзылмайтын, жоғалмайтын, құнсызданбайтын, уақыты келгенде қол жетпес қазынаға айналатын өте бағалы ақыреттік табыс. Алла Тағала Құранда былай деген: «Дүние-мүлік пен бала-шаға – өмірдің сәні. Ал, мәңгі қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның құзырында сауап (табыс) ретінде де жақсы, әрі үміт тұрғысынан да қайырлы»[1].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына ең әуелі бір Аллаға ықыласпен құлшылық етуді үйреткен. Содан кейін оларға жас немесе кәрі демей, күндіз-түні, кез-келген жағдайда сауап жинаудың көркем үлгісін көрсетті.

Пенде ақыретіне қамданып қалсын деп Жаратушымыз бес парыздан бөлек қосымша құлшылықтар мен арнайы дұғалар, тиімді амалдар мен берекелі уақыттар берген. Себебі, осы үмметтің өмірі алдыңғы үмметтерге қарағанда өте қысқа екені белгілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Менің үмметімнің ғұмыры алпыс пен жетпістің арасы», – деген. Десек те, Алла Тағала өзінің кеңшілігінен бізге сол қысқа өмірдің орнын толтыратын және өмірімізді берекелі қылатын жақсы амалдарды нәсіп етті. Пенде оларды істейтін болса өте ұзақ өмір сүрген адамдай болады.

Атап айтсақ, қадір түні. Алла Тағала өз кітабында былай дейді: «Қадір түні мың айдан қайырлы»[2]. Белгілі ғұлама Ар-Разий осы аяттың тәпсірінде: «Біл, расында кім бұл түнді құлшылықпен өткізетін болса, Аллаға сексен жылдан астам жылдай құлшылық еткен болады. Ал, кімде-кім әр жылы бұл түнді ғибадатпен өткізсе, ұзақ өмір сүргендей болады», – дейді.

Жұма күні де сауабы жағынан ерекше күнге жатады. Бұл күнде бір сағат бар, сол уақыт аралығында дұға тілесеңіз, дұғаңыз кері қайтарылмайды.

Осындай берекелі уақыттардың бірі – Зүлхиджа айының алғашқы он күні. Бұл он күннің еркшелігін білдіретін көптеген аяттар мен хадистер бар. Құранда былай делінген: «Таңға және он түнге серт»[3]. Исламдағы ірі ғалымдардың бірі Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде: «Он түн дегені – Зүлхиджаның он түні», – деген. Басқа аятта Алла Тағала былай дейді: «Белгілі күндерде Алланы естеріңе алыңдар!». Бұл аят жайлы Ибн Аббас (р.а.): «Белгілі күндер – Зүлхиджаның он күні», – деген. Ал, хадиске сүйенетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың құзырында сауабы мол үлкен ең абзал амал — осы он күндегі амалдар, сондықтан, бұл күндерде тәһлил, тәкбір және тәхмидті көбейтіңдер», – дейді. («таһлил» – Лә иләһә илаллаһ, Мұхаммадур расуллаһ (Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) – Оның елшісі), «тәкбір» – Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, Аллаһу акбар. Лә иләһә иллаллаһу, Аллаһу акбар. Аллаһу акбар, уа лилләһи хамд (Алла Ұлы, Алла Ұлы, Алла Ұлы, Алладан басқа Тәңір жоқ, Алла Ұлы және де мадақ Аллаға лайық), «тәхмид» – әлхамдулилләһи (күллі мақтау Аллаға тән).

Бұл хадистерден осы күндерде қосымша құлшылық пен жақсы амалдарды көбірек істеп қалу қажет екенін түсінеміз.

Сағид ибн Жубейр (р.а.) бұл күндер келгенде құлшылыққа қатты берілетіндігі соншалық, тіпті, ақыр соңында сол құлшылықтарына шамасы келмей қалатын болған. Және адамдарға: «Он түнде шырақтарыңды өшірмеңдер», – дейтін еді. Яғни, бұл – түндерді намазбен және Құран оқумен өткізіңдер дегені. Ибн Хажар Фатхуль-Барий кітабында: «Зүлхиджаның он күнінің ерекшеленуі – бұл уақытта негізгі құлшылықтардың: намаз, ораза, садақа және қажылықтың барлығы бірдей бір уақытта орындалғандықтан болуы мүмкін. Бұл құлшылықтар басқа уақыттарда бірдей келмейді», – дейді.

Сондай-ақ, осы күндері қажылық парызын өтеуге ниеттенген дүниежүзінің мұсылмандары қасиетті Меккеге жиналады. Жаратқанға жалбарынып, дұға-тілектерін айтып, қажылық рәсімін орындайды. Өз кезегінде Алла Тағаланың құлдарына түскен ерекше мейірімі мен кешірімі әлемге таралады. Сол уақытта қажылыққа бармаған мұсылман пенделер де Алланың ерекше мейірімінен мақұрым қалмау мақсатында нәпіл құлшылықтар мен дұға тілектер жасауда белсенділік танытады. Яғни, кез келген мұсылман бұл күндері нәпіл намаз оқу, ораза ұстау, Құран оқу, садақа беру, тәсбих айтуды т.б. жиілетуі тиіс.

Әсіресе, осы аралықта Арапа күнінің оразасын ұстап, айт күндері құрбандық шалған абзал. Арапа күні ораза ұстаған адамның бір жылдық күнәсі кешіріледі. Ал, құрбандық шалған адам Раббысына айтарлықтай жақындап, бауыздаған малының аққан қанымен күнәсін жуып-шаяды. Қорыта келе айтпағымыз, берекелі уақытты тиімді пайдаланайық ағайын, өзіміздің ақылымыз бен өмірлік тәжірибемізді тек дүние табуға емес, сауап жинауға да қолданайық.

[1] «Кәһф» сүресі, 46-аят.
[2] «Қадір» сүресі, 3-аят.
[3] «Фәжір» сүресі, 2-аят.

 

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

Scroll To Top